Менде болған әсерлі сезім
Біздің университетімізде, яғни С.Ж Асфендиров атындағы ҚазҰМУ-де «Қазақ Хандығының 550 жылдығына» орай студенттердің әлеуметтік-мәдени құзыретін дамыту департаменті және Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер аренасында«Тарих ғасырлар куәсі» атты мерекелік кеш өтті. Мерейтойға жалпы медицина, қоғамдық денсаулық сақтау факультеттерінің 1 курс студенттері қатысты.Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы туралы қысқаша мәліметтерге тоқтала келе, Қазақстан тарих кафедрасының меңгерушісі З.У. Бисембаева студенттерге ақ жол тілей отырып, кешті ашып берді. Оқу орнымыздың белсенді жас таланттары өз өнерлерін көрермендерге паш етсе, енді біреулері төмендегідей ақыл бәйгесінде сынға түсіп жатты.
Ұлттық би мен дәстүрлі ән;
Қазақ елін билеген хандар жөнінде мағлұмат пен көрініс;
Сурет сайысы;
Ұлттық тағамдардан жайылған мол дастархан;
Қазақ хандығына байланысты викториналық сұрақтар;
Міне, осы аталған жоспардан тұратын бұл кеште студенттер жұдырықтай жұмылып, белсенді ат салысты. Кештің басты мақсаты тарихта өшпестей алтын әріпте аты жазылған қазақ ұлтының даңқты батырлары мен ұлы хандарын насихаттау және тарих бетіне бір көз жүгіртіп жастардың есіне салу болды. Кеш барысында қазақ хандарының ұтқыр саясатын, билік құрған мерзімін, тақ үшін таласты бейнелейтін, батырларымыздың ұлы жорықтары мен даңқты ерліктерін суреттейтін көріністер қойылды.
Қазақ елінің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек хандар болса, ел болып қалыптасуға елеулі үлесін қосқан орта тұста Абылай хан болатын. Тәуелсіздік тұғырын жоғарылатып, ел басқаруда үздік саяси жоспар құра білген, еліміздің гүлденіп одан әрі өркендеуіне қосқан үлесі зор ел ағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Қазақ елінің қалыптасуында осы үш ұлы тұлғаның рөлінің ерекшелігі туралы шет елдік студенттерге және кеш қонақтарына анық түсінуге мүмкіндік берілді.Ұлтымыздың ұлттықкелбетін көрсететін осындай кештің оқу орнымызда аталып жатқанына қуаныштымын.Тарихымызды насихаттаған бұл шараға қатысқан белсенді курстастарыма және ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Қазақ елінің кешегі тарихи кезеңі мен бүгінгі болашағын ұштастырып, кеш қонақтарының патриоттық рухын жандандырған кеш мен үшін әсерлі сезім тудырды .
Жалпы медицина факультетінің 1-курс студенті Закен Жанар