Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Болашақ үшін естелік»

Жақында патофизиология кафедрасының доценті Б.Ж Касенов, ассистенттер А.Д Куттыбаев, В.В Трубачевтың ұйымдастыруымен педиатрия мектебінің 19-004-01 топ студенттері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Болашақ үшін естелік» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Бұл дөңгелек үстелдің мақсаты азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен, құрбан болған бабаларымызды еске алу, рухына тағзым ету. Өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық һәм ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру.
31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал, Ел Президенті 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр –Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Соны негізге ала отырып, педиатрия мектебінің 19-004-01 топ студенттері сол жылдары репрессияға ұшыраған зиялыларымыз туралы айтып өтті. Студенттер арнайы дайындаған бейнебаянын көрсетті.
Сағидолданова Нүргүл саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жала жабылған зиялы қауымдардың өмірі туралы баяндады. Олардың қатарындағы С.Ж.Асфендияров, Н.Нурмаханов. С.Ходжановтың өмірлерін айта кетті.
Құрманғызықызы Балауса жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына байланысты Естеу Нүсіппековтың «Кесенеде» атты жан толғанысын өлеңмен жеткізді.
Соңынан кафедра доценті В.М.Сабырахметова шараны дайындаған студенттерге ризашылығын білдіре отырып азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен, құрбан болған бабаларымызды ешқашан ұмытпау керектігін айтты.