2025 жылдың 28 ақпанында А.А. Шортанбаев атындағы жалпы иммунология кафедрасында «Қадыр Мырзалиев – поэзия падишасы» тақырыбында ашық сабақ өтті. Іс-шараға Мед22-038к тобының студенттері, басқа да білім алушылар, оқытушылар және профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы кафедра ассистенті Ерболат Дана. Ашық сабақтың мақсаты – қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен шығармашылығын тереңірек зерттеу, оның өлеңдеріндегі ұлттық рух пен адами құндылықтарды талдау, сондай-ақ студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Сабақ интерактивті форматта өтіп, студенттер мен оқытушылар белсенді қатысты. Іс-шара басында тақырып пен мақсаттар таныстырылып, кейін қатысушыларға Қадыр Мырзалиев туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді. Одан соң студенттер ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы баяндамалар жасап, оның әдеби жолын бейнелейтін презентация ұсынды. Қадыр Мырзалиев шығармашылығының көркемдік талдауына ерекше көңіл бөлінді. Студенттер «Туған жер», «Ана тілі», «Домбыра» сынды өлеңдерін жатқа оқып, олардың мағыналық және көркемдік ерекшеліктерін талқылады. Сонымен қатар, «Қадіртану» атты викторина ұйымдастырылып, студенттер командаларға бөлініп, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді, осылайша өз білімдерін бекіте түсті. Бұдан бөлек, «Иірім» пікірталасы өткізілді, онда қатысушылар Қадыр Мырзалиев шығармашылығының қазіргі қоғамдағы маңыздылығын талқылап, өз ойларымен бөлісті.
Ашық сабақ жоғары деңгейде өтіп, Қадыр Мырзалиев поэзиясының ұлттық рухани мұрадағы рөлін терең түсінуге ықпал етті. Белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.