Кафедра тарихы

Гистология, цитология және эмбриология кафедрасы 1932 жылы ұйымдастырылды. Адам морфологиясы кафедрасы деген атпен алғашқы екі жылда қалыпты анатомия кафедрасымен бірікті. Кафедраның меңгерушісі болып профессор П.О. Исаев қызмет істеді. Сол кезде кафедрада 7 микроскоп, 60 микропрепарат, 2 оқу кестелері болған. 1933 жылы кафедраның өзіне 40 шаршы метр оқу орны берілді. 1934 жылы кафедра меңгерушісі  болып  З.Ф. Гусаева тағайындалды.  З.Ф.Гусаеваның тұсында сабақ беру ісі біраз ілгеріледі. 1937 жылы алғаш рет ассистенттік штат бекітіліп, А.В.Кирилличева және И.С.Новик тәжірибелік сабақтарды беруге шақырылды. Сол уақыттан бастап кафедрада ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. З.Ф.Гусаева мәскеулік профессор Б.К.Белецкийдің басшылығымен адам ұрығының даму барысындағы патологиясын оқып зертттеді.  А.В.Кирилличева профессор В.П. Рощиннің жетекшілігімен көздің мүйізді қабатын ауыстырып салу жұмысы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ұлы Отан соғысы кезінде кафедра ұжымы орталық медицина институттарынан келген оқытушылар санымен өсті. 1941 жылдан 1945 жылға дейін кафедраны Л.И.Фалин басқарды. Сонымен қатар кафедраға ассистенттер В.В.Анисимова, Н.М.Римчина, Е.Д.Пискунова қабылданды. Л.И.Фалиннің басқаруымен оқу үрдісіне көптеген жаңалықтар енгізілді, сабақтарда эволюциялық гистология және эмбриология сұрақтарына көбірек көңіл бөлінді. Профессор Л.И.Фалин дәрістерді тамаша оқыды, емтихандарды талапқа сай қатаң қабылдады және оқытушылардың  мамандығын жетілдіру, оқу-әдістеме жұмыстарына көп уақыт бөлді. Барлық оқытушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. 1943 жылы алғашқы ғылыми жұмыстар қорғалды.  Л.И.Фалин “Жыныс бездерінің тератоидты ісігінің патогенезі және морфологиясы” тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Ассистент А.В.Кирилличева “Аутопластика жағдайында мүйізді қабықты ауыстыру” тақырыбында кандидаттық  жұмысын қорғап шықты.  1944 жылы В.В.Анисимова, 1945 жылы ассистент Е.Д.Пискунова өз ғылыми-зерттеу жұмыстарын аяқтап, табысты қорғап шықты.

Ұлы Отан соғысы аяқталғанан  кейін басқа жақтан келген оқытушылар өз еліне оралды, бос орындарға Қазақ медицина институтында білім алып, тәрбиеленген – Е.П.Смирнова, Н.М.Беляева, Т.С.Пляскина сияқты жас мамандар, ал кафедра басшылығына патологиялық анатомиядан ауысып Э.Г.Троицкая келді. Оның басшылығымен пәнді беру әдістемесін жетілдіру, жақсарту жұмыстары қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылды – дәрістердің  тақырыбы кеңейтілді, әрбір бөлім бойынша тәжірибелік сабақтарды өткізуге арналған әдістемелік нұсқаулар жасалды. Кафедраны жаңа оқу ғимаратына ауыстырды, бірнеше оқу бөлмелері қосылды, кестелер, микропрепараттар, микроскоптар қоры көбейді.

1960 жылы А.В.Кирилличева жылдар бойы зерттеген ғылыми жұмыстарының нәтижесінде докторлық диссертациясын қорғады. Ал 1962 Х.Х.Мусабаева, Е.П.Смирнова көкбауырдың лабороториялық жануарлардағы жас ерекшеліктерін зерттеп, 1964 жылы кандидаттық жұмысын қорғады.  А.В.Кирилличева студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу мәселесін мақсат етіп қойды, өзі бірнеше жылдар бойы студенттердің гистологиялық үйірмесінің жетекшісі болды. А.В.Кирилличева дайындаған 3 аспирант – Р.И.Юй, М.С.Калинина, Г.В.Федотовских кафедраның жалпы тақырыбы бойынша: Р.И.Юй – “Адам және жануарлар онтогенезіндегі ұйқы безінің цитологиялық және цитохимиялық зерттеулері”, М.С.Калинина –  “Метиониннің  дәнекер тінінің реактивтік қасиетіне ықпалы”,  Г.В.Федотовских – “Экстремальді  факторлардың әсерінен бүйректің морфогистохимиялық өзгерістері” атты кандидаттық жұмыстарын қорғады. 1965 ж. ғылыми-зерттеу жұмыстарына гистогенез,ткандердің реактивтілігі, регенерация, эволюциялық динамика тақырыптары қосылып, кеңейтілді.

1971 жылдан 1983 жылға дейін кафедраны Алматы медицина институтуының шәкірті доцент Х.Х.Мусабаева басқарды. Ол тәжірибелік сабақтарды жүргізудің бағдарламасына көп өзгертулер енгізді. Оқытушылар мен студенттерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар құрастырды. Х.Х.Мусабаеваның жетекшілігімен кафедра қызметкерлері Д витамин жетіспеушілігі және аминоқышқылдық дисбаланс сұрақтарын талқылап, сонымен қатар, қалыпты қоректенудің гистогенезге және ішкі ағзалардың құрылымына әсерін зерттеді.

Доцент Р.И.Юй 1988 жылы “Иондық сәулелердің және динамикалық факторлардың бірігіп, ішкі мүшелердің морфо-функциональдық күйіне әсері” деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.

1983-98 жылдары кафедраны Алматы Мемлекеттік Медицина институтының түлегі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.С.Толыбеков басқарды.  А.С.Толыбеков аспирантура мен докторантурадан Ленинградтың эксперименттік медицина институтында өтті. Ол кісінің келуімен кафедраның ұжымы “Сыртқы орта факторларының организмге әсері” деген тақырыпта зерттеу жұмыстарын бастады. Фосфор бағдарламасы бойынша 2 докторлық және 2 кандидаттық диссертациялар қорғалды.  Москваның 1-медицина институтымен бірге отырып, кафедра оқытушылары “Гистология, цитология және эмбриологиядан лабороториялық сабақтар (М.,1990ж.)” деген еңбекті жарыққа шығарды.

1989 жылы Қазақ Мемлекеттік медицина университетінде мемлекеттік тілде оқыту қолға алынды.1989-90, 1990-91 оқу жылдарында дәрістерді, тәжірибелік сабақтарды профессор К.Ш.Баймухамбетов және доцент Р.Б.Әбілдинов жүргізді. 1991-1992 оқу жылынан бастап доцент К.Е.Сисабеков, аға оқытушы  Ж.О.Аяпова мемлекеттік тілде сабақ жүргізуді бастады.

1991-1992 жылдардан бастап кафедрада қазақ тілінде доцент К.Е.Сисабеков, аға оқытушы Ж.О.Аяпова, ал 1993-1994 жылдан бастап оқытушы М.Г. Адилова сабақ өткізе бастады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілде доценттер М.Ж.Ерғазина, Н.М.Тусупова, аға оқытушылар Ж.О.Аяпова, Г.К.Есимова, З.Н.Джангельдина, оқытушылар: А.Т.Абжапарова, А.К.Жаңбырбаева, Ф.Д.Алсеитова, Р.Т.Тагирова, Р.С.Омарова сабақ өткізуде. Университетімізде ағылшын тілінде оқытатын бөлім ашылғаннан бері бірнеше оқытушылар ағылшын тілінде дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізіп жүр. Олар Е.С.Джадранов, М.С.Калинина, Ш.Ш.Мулькибаева, А.Р.Есполаева.

1998-2013 жылдар арасында кафедра меңгерушісі болып профессор Р.И.Юй қызмет істеді. Р.И.Юйдің басшылығымен ғылыми мәселені – Тіршілік ортаның өзгеруіне байланысты ішкі мүшелердің тәуліктік ритмінің цитологиялық негіздерін шешумен айналысып келеді. Осы мәселе бойынша 2 кандидаттық дисссертация қорғалды. Кафедрада оқу-әдістемелік жұмыстарға көп көңіл бөледі. Соңғы екі жылда 1800-ден астам оқу және емтихан тест сұрақтары құрастырылды. Тест құрамына суреттер енгізілді. Жеке гистология курсынан оқытушылар үшін жаңа әдістемелік нұсқаулық жаасалды. 2003-2004 оқу жылында гистология кафедрасы университет бойынша оқу-әдістемелік жұмыс бойынша ең үздік деп саналды. Аға оқытушы Ж.О.Аяпова 2011 жылы қазақ тілінде гистология бойынша оқулық басып шығарды, ал 2010 жылы оқытушыларға арналған оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. 2009 жылы гистология бойынша атлас жарық көрді (авторлары: Р.Б.Абильдинов, Ж.О.Аяпова, Р.И.Юй), 2010- 2012 жылдары микросуреттер атласы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 2 рет жарық көрді. Сонымен қатар 3 тілде Гистология-1 бойынша тест тапсырмалары (2013), Гистология-2 бойынша тест тапсырмалары (2010) дайындалды. Р.И.Юй «Ауыз қуысы мен тістердің гистологиялық негіздері» атты оқулығын қазақ және орыс тілдерінде шығарды. 2014 жылы Гистолгия-2 оқулығы жарық көрді (Ж.О. Аяпова) 2015 жылы 3 тілде атлас жарық көрді (авторлары: Р.Б.Абильдинов, Р.И.Юй, М.Ж.Ергазина, Ж.О.Аяпова). 2017 жылы авторы Р.И.Юйдың «Ауыз қусымен тістердің гистологиялық негіздері» атты ағылшын тілінде және «Гистологиялық терминдердің негіздері атты түсіндерме сөздік» 3 тілде авторлары  Абильдинов Р.Б., М.Ж.Ерғазина., Р.И. Юй  жарыққа шықты.

2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап кафедра меңгерушісі ретінде кафедра доценті медицина ғылымдарының кандидаты Марал Жүнісбекқызы Ерғазина тағайындалды. Ол 1998 жылдан бері кафедрада қызмет атқарады. 2001-2004 жылдары кафедра аспиранты, 2005 жылы профессор Р.И.Юйдің жетекшілігімен 03.00.25 гистология, цитология және клеткалық биология мамандығы бойынша «Цитофункциональный анализ суточного ритма десны в различные возрастные периоды» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Кафедра қызметкерлерінің ұйымдастырылғанынан бастап  күні  бүгінгі дейін 1000-нан астам ғылыми жұмыстар, оның ішінде 26 монография мен оқулықтар шығарылды, 6 докторлық және 23  кандидаттық диссертациялар қорғалды. Халықаралық симпозиумдарға, конференцияларға, сьездерге кафедра  қызметкерлері үнемі белсенді қатысып келеді.

2024-2025 оқу жылында Гистология кафедрасының жаңа зертханасың ашылу салтанаты болды.  Кафедраның зертханасы заманауи оқу кеңістігіне айналды. Зертхана барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған: микроскоптар, зертханалық үстелдер, термостаттар, тоңазытқыш және жұмысқа қажетті заттар. Бұл жаңғырту студенттердің жан-жақты білім алуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

ҚазҰМУ-дағы гистологиялық білім берудің болашағы Karl Zeiss, онда дайындалған құрылғылар кеңінен пайдаланылады. Гистология кафедрасының оқытушылары «Заманауи гистология зертханасы» жобасы аясында Karl Zeiss-тің арнайы оқуынан өтті. Нәтижесінде кафедраға келіп түскен жаңа микроскоптар мен жабдықтар іске қосылды.

Гистологиялық зертхананың құрылуымен қатар жаңа буын цифрлық сынып ұйымдастырылды. Цифрлық сыныпта 12 «Primo Star» және бір мұғалімге арналған «Axilob 5» микроскоп бар.  Цифрлық бөлменің артықшылығы-«Labscope» арқылы интерактивті сабақтарда бейнелерді бақылау, талдау. Бұл оқытудың жеке және топтық тәсілдерін біріктіреді.

Жаңа технологиялар гистологияны зерттеуді көрнекі және тиімді етеді.