Ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасы 1933 жылы, яғни университет құрылғаннан соң 3 жылдан кейін ҚазММУ-да алғаш құрылған терапиялық кафедралардың бірі болып табылады. Ол кезде кафедраның клиникалық базасы Алматы қалалық ауруханасының 35 науқасқа арналған терапиялық бөлімі болатын, ал кафедраның штаттық құрамы алғаш құрылған кезде екі ассистент, бір ординатор және бір аспиранттан тұратын.
Кафедраны негізі қаланған мезеттен бастап қазіргі уақытқа дейін белгілі ғалымдар мен жоғары білікті мамандар басқарып келеді: доцент И.Н. Вульпе (1933-1944 жж.); доцент Х.А. Барлыбаев (1944-1948 жж.); профессор М.А. Бренер (1948-1964 жж.); доцент Н.Н. Кучин (1964-1986 жж.); м.ғ.д., профессор Б.Н. Айтбембет (1986-1995 жж., 1999-2001 жж.); доцент Т.К. Ермухамбетов (1995-1999 жж.)
2003 жылы профессор Б.Н. Айтбембет «Ішкі аурулар пропедевтикасы» оқулығын алғаш рет қазақ тілінде басып шығарған болатын.
2001 және 2016 жылдар аралығында кафедраны м.ғ.д., профессор Г.М. Есенжанова басқарды. Профессор Г.М. Есенжанова Қарағанды Мемлекеттік Медициналық Институтын тәмәмдап, 1983 жылы кандидаттық, ал 1997 жылы докторлық диссертацияларын қорғады. 1985 жылы АММИ госпиталдық терапия кафедрасында ассистент, доцент, профессор лауазымдарында қызмет жасады.
Профессор Г.М.Есенжанованың басшылығымен кафедраның барлық оқу-әдістемелік құжаттамалары қазіргі кезеңнің талаптарына және жоғарғы оқу орындарындағы білім беру реформаларына сай сәйкестендіріліп жасалды. Профессор Г.М. Есенжанованың жетекшілігімен кафедра ассистенті А.К. Ижанова кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
2016 және 2017 жылдар аралығында өзінің еңбек өтілін 1991 жылы кафедра ассистентінен бастаған м.ғ.к., доцент А.А. Жанкин кафедраға басшылық етті.
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап универсиетттің ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасын медицина ғылымдарының докторы, master de sante publique, Б.К. Нургалиева меңгеруде. Б.К. Нургалиева 1992 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын үздік аяқтап, клиникалық ординатураны госпиталды терапия кафедрасында өткен. 1997 жылы Б.К. Нургалиева ішкі аурулар бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған болса, ал 2005 жылы докторлық диссертациясын Н.Бурденко атындағы әсери-клиникалық госпитальде (РФ, Мәскеу қ.) қорғап шықты. 2009 жылы магистратураны Лион Университетінде (Франция) бітіріп магистрлік дипломын алды (Master de sante publique). Сондай-ақ, Алматы тіл және аударма институтының кешкі бөлімінде ағылшын және француз тілдері бойынша оқып білім алып және Халықаралық бизнес академиясының экономикалық бөлімін тәмәмдады. Б.К. Нургалиева клиникалық өтілі мол, тәжірибелі білікті дәрігер. Ол медициналық университетте клиникалық ординатор, ассистент, емхананың бас дәрігері, денсаулы қсақтау министрлігінде қызмет жасап, халықаралық медициналық ұйымдарда болып, көптеген жобаларға қатысқан.
Қазіргі таңда ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасының клиникалық базалары Алматы қаласы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы, Алматы қаласы №4 Қалалық клиникалық ауруханасы, «ХАК» ЖШС Медициналық орталығы болып табылады. «ХАК» ЖШС Медициналық орталығында емхана, стационар және диагностикалық бөлім, зертхана, жүкті әйелдерге және балаларға патронаж жасау бөлімдері бар.
Кафедра құрамы 15 қызметкерден тұрады, оның ішінде клиникалық тәжірибесі мол білікті мамандар, жоғары дәрежелі дәрігерлер, ғылыми-педагогикалық өтілі 10 жылдан астам ғылыми дәрежелі оқытушыларды құрайды.