«Әдеби-танымдық, музыкалық кеш Абайдың 180 жылдығына»

18.11.2025ж. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ,  Жалпы медицина мектебі-1, Тілдік пәндер кафедрасы оқытушылары Т.Қ.Зайсанбаев, Б.Ж.Қожахметова, Б.Н. Канленова, Тәрбие жұмысы және студенттік бастамалар орталығы, Университет кітапханасының Ақпараттық-әдістемелік бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай – дара, Абай – дана қазақта …» атты әдеби-танымдық, музыкалық кеш өтті. Кешке Жалпы медицина-1 мектебінің тәрбие жұмысы бойынша жауапты бас маманы Белимбаева Гульзира Мейрамғалиқызы қатысты.

Кеш шымылдығын ашқан Тәрбие жұмысы және студенттік бастамалар орталығының басшысы Ақан Ләйла Ақанқызы ұлы Абайдың қазақ халқының рухани өміріндегі баға жетпес орнын атап өтті.

Бұл кештің өту форматы ерекше болды. Кеште студенттер Абайдың шығармашылығана арналған викториналық сұрақтарға жауап берді. Үш кезеңнен тұратын викториналық сұрақтардың «Толғауы тоқсан қызыл» деп аталатын бірінші кезеңінде студенттер Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңіндегі қанатты сөзге айналып кеткен өлең жолдарының екінші сыңарын табу бойынша жарысты. Викториналық сұрақтың екінші кезеңі «Өлең – сөздің патшасы …» деп аталды. Бұл кезеңде студенттер экрандағы суреттен Абайдың қай өлеңі екенін табудан сайысқа түсті. Ол өлеңдерді медицина мектебі 025-46-тобының студенттері мәнерлеп оқыды. «Әнді сүйсең менше сүй» деп аталатын үшінші кезеңінде студенттер суреттерге қарап Абайдың қай әні екенін табудан жарысты. Ол әндерді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық университетіінің 4-курс студенттері Әсем Әбдіғани мен Әділханов Бегарыс нақышына келтіріп орындап берді.

Кеш соңында сөз алған Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «Оқу-әдістемелік жұмыс және инклюзивті білім беру бөлімінің» басшысы, ф.ғ.к. Мәшімбаева Айнұр Жақыпәліқызы кештің маңыздылығы, ұлы Абайдың мұраларын білудің қажеттілігі туралы өз ойын ортаға салды.

Кешке студенттер белсене қатысып отырды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты әнін студенттер қосылып шырқады. Әсіресе педиатрия факультеті 25-027-тобының студенті Валиева Бериван ерекше белсенділігімен көзге түсті. Ол викториналық сұрақтарға тез жауап берумен ғана шектеліп қалмай Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Бойы бұлғаң» әндерін орындап берді. Кеш соңында кешке белсене қатысқан студенттер алғыс хаттармен марапатталды.