«Ғылым ордасына» оқу-танымдық сапар туралы есеп

05 желтоқсан 2025 жылы молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының оқытушылары Шайхымбекова Р.М. және Нуржанова К.С. ұйымдастыруларымен М25-011к, М25-012к, М25-013к және М25-014к кураторлық топ студенттерімен Алматы қаласында орналасқан «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК-на оқу-танымдық сапар ұйымдастырды. Сапардың негізгі мақсаты — студенттердің ғылыми-зерттеу мәдениетін арттыру, еліміздің ғылыми мұрасын сақтау жүйесімен таныстыру, ғылыми мекемелердің қызмет бағыты туралы түсінік қалыптастыру және ғылым мен мәдениеттің тоғысқан ортасымен жақын танысу болды.

«Ғылым ордасы» — Қазақстандағы көп функционалды ғылыми мекеме. Оның құрамында Орталық ғылыми кітапхана, ғылыми архив, ғылыми кадрларды даярлау орталығы, сондай-ақ төрт ірі музей бар:

Табиғат музейі, онда Қазақстанның жануарлар дүниесі мен геологиялық тарихын қамтитын құнды коллекциялар ұсынылған;

Археология музейі, мұнда еліміздің көне өркениеттеріне қатысты археологиялық артефактілер, қазба жұмыстарының нәтижелері және ежелгі мәдениет жәдігерлері қойылған;

Сирек кездесетін кітаптар музейі, онда бірегей қолжазбалар, көне басылымдар, тарихи кітаптар мен сирек кездесетін әдеби мұралар сақталған;

Қазақстан ғылымының тарихы музейі, мұнда әр кезеңдегі қазақстандық ғылым қайраткерлерінің өмірі мен еңбектері, ғылыми жаңалықтар мен зерттеулердің тарихына арналған материалдар ұсынылған.

Экскурсия барысында студенттер ең алдымен Орталық ғылыми кітапхананың құрылымымен танысып, сирек кітаптар мен қолжазбалардың сақталу ерекшеліктерін көрді. Оларға кітапхананың тарихи қалыптасуы, ғылыми қауымдастыққа көрсететін қызметтері және заманауи ақпараттық ресурстарды пайдалану мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Одан кейін студенттер табиғат музейін аралап, Қазақстан фаунасы мен флорасына қатысты түрлі экспонаттарды, қазба қалдықтарын, жануарлар коллекцияларын тамашалады.  Археология музейінде еліміздің ежелгі мәдениетінің дамуына қатысты археологиялық олжалар, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, ортағасырлық кезеңдерге тән жәдігерлер таныстырылды. Сирек кездесетін кітаптар музейінде тарихи маңызы зор сирек басылымдар мен қолжазбалардың сақталу шарттары көрсетіліп, кітаптардың ғылыми құндылығы мен архивтік материалдардың ерекшеліктері түсіндірілді.

Ал Қазақстан ғылымы тарихы музейінде студенттер отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктері, ғылым салаларының дамуы, ғылыми мектептердің қалыптасуы және тәуелсіздік кезеңіндегі ғылымның жетістіктері туралы мағлұмат алды.

Сапар соңында студенттер ғылыми архивтің жұмысымен танысып, құжаттардың сақталуы, өңделуі, ғылыми мақсатта пайдаланылуы туралы ақпарат алды. Архив қызметкерлері студенттерге архив құжаттарының тарихи-мәдени маңызы мен оларды цифрландыру үдерісі туралы түсіндірді. Бұл оқу-танымдық сапар студенттердің ғылыми ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстан ғылымының тарихи, мәдени және құндылықтық маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Іс-шара нәтижесінде студенттердің ғылымға деген қызығушылығы артып, ақпараттық-танымдық деңгейі көтерілді. Сонымен қатар, еліміздің ғылыми мұрасын сақтау, дамыту және насихаттауда ғылыми мекемелердің рөлі туралы түсініктері қалыптасты. Сапар өз мақсатына толық жетіп, студенттер үшін пайдалы әрі мәнді тәжірибе болды.