2026 жылғы 8 наурыз мерекесіне орай Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында мерекелік құттықтау ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кафедраның әйел оқытушыларына құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды.
Кафедра профессоры Е.У. Куандыков құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы және кәсіби қызметтегі маңызды рөліне ерекше тоқталды. Профессор өз сөзінде әйел адам тек ғылым мен білім саласында ғана емес, сонымен қатар отбасының ұйытқысы, мейірімді ана ретінде де аса құнды екенін атап өтті. Ол кафедрадағы әйел ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, олардың білім беру мен ғылымды дамытудағы үлесіне алғыс білдірді.
Сонымен қатар кафедраның процессор-ассистенті С. Хайдаров та құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге ерекше мағына беретін әсерлі тілек жолдады. Ол 8 санының шексіздік белгісіне ұқсайтынын атап өтіп, бұл символды өмірдің, мейірім мен жақсылықтың шексіздігімен байланыстырып, барлық әріптестерге денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.
Сонымен қатар кафедра жетекшісі А.Ж. Молдакарызова құттықтау сөз сөйлеп, кафедра ұжымындағы әрбір оқытушының орны ерекше екенін атап өтті. Ол әріптестердің кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі және білім мен ғылымды дамыту жолындағы еңбегі кафедраның дамуына үлкен үлес қосып отырғанын айтып, барша әйел оқытушыларға шынайы алғысын білдірді.
Іс-шара жылы әрі көңілді атмосферада өтті. Кафедра ұжымы әйел оқытушыларды көктем мерекесімен құттықтап, олардың кәсіби жетістіктері мен өмірлік қуаныштары шексіз болуына тілектестік білдірді.


