Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған “Жыр алыбы – Жамбыл” атты салтанатты мерекелік іс-шарасының есебі

2026 жылғы 13 наурызда, Жетоқсан көшесі 37А, 506 бөлмеде, сағат 15:30-да Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының оқытушылары И.К. Нурпеисова мен С.Б. Ерханованың жетекшілігімен факультет деңгейінде қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты салтанатты мерекелік іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шара М25-005-006қ және М25-015-016қ тәлімгерлік топтарының студенттерінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың ұлы ақыны, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау, оның өлеңдері мен жырлары арқылы ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеу, студент жастардың Жамбыл мұрасына деген қызығушылығын арттыру, ақын шығармаларын оқып-үйренуге және тереңірек танып-білуге ынталандыру болып табылады.

Іс-шара барысында студенттер ең алдымен Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды таныстырылым (баяндама) ұсынды. Таныстырылым барысында ақынның жырлары халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, қуанышын бөлісетін ұлттық поэзияның асыл қазынасына айналғаны атап өтілді. Сонымен қатар, ел басына түскен қиын-қыстау кезеңдерде, соғыс жылдарында Жамбыл жырлары халықтың рухын көтеріп, ел бірлігін, ерлігін және туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеген рухани мұра ретінде ерекше маңызға ие болғаны айтылды. Студенттер ақын шығармаларынан үзінділер орындау арқылы бұл ойларды көрермендерге әсерлі жеткізе білді.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде өлең мен күйдің орны ерекше. Осыған орай іс-шара барысында қазақ күй өнерінің жауһары саналатын “Адай” күйі орындалып, көрермендер мен оқытушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

Іс-шараның келесі бөлімінде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы білім деңгейін анықтау мақсатында танымдық викторина ұйымдастырылды. Викторина сұрақтары ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына қатысты түрлі мәліметтерді қамтыды. Қатысушылар сұрақтарға белсенді түрде жауап беріп, дұрыс жауап берген көрермендерге шағын сыйлықтар табысталды. Викторина бөлімі ерекше қызығушылықпен өтіп, көрермендерге өте жағымды эмоция сыйлады.

Викторинадан кейін тағы бір күй орындалып, заманауи технология мүмкіндіктері қолданылған бейнематериал көрсетілді. Бейнероликте жасанды интеллект арқылы Жамбыл Жабаевтың өз дауысымен айтылған өлеңі ұсынылып, көрермендердің назары ерекше аударылып, үлкен ілтипатпен тыңдалды.

Іс-шараның ең әсерлі бөлімдерінің бірі – Жамбыл Жабаевтың жастық шағын бейнелейтін сахналық қойылым болды. Қойылымда болашақ ақынның өмір жолындағы қиындықтарға қарамастан, өз таланты мен табандылығының арқасында қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген дара тұлғаға айналу жолы көркем түрде бейнеленді.

Қойылымнан кейін студенттердің бірі Жамбыл атамыздың болашақ ұрпаққа арнаған өсиетін патриоттық мазмұндағы монолог түрінде орындады. Бұл көрініс көрермендердің бойында ерекше рухты көтеріп, ұлттық мақтаныш сезімін оятты.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде сөз молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының меңгерушісі А.Ж. Молдақарызоваға, кафедра лекторы Қ.А. Тараковаға және кафедраның тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері, профессор ассистенті Г.Т. Танееваға берілді. Олар ұйымдастырылған мерекелік іс-шарадан ерекше әсер алғандарын атап өтіп, студенттердің шығармашылық белсенділігіне, өнер мен білімді ұштастыра білген еңбектеріне жоғары баға беріп, алғыс білдірді.

Қорытындылай келе, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор мәдени шара ретінде бағаланды.