М25-015қ және М25-016қ топтарымен өткізілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының музейіне оқу-танымдық экскурсияның есебі

2025 жылдың 17 қарашасында М25-015қ және М25-016қ топтарының 1 курс студенттерімен ҚР Ұлттық ғылым академиясының музейіне оқу-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28 мекенжайында Академия ғимаратында орналасқан музейде сағат 11:40–12:40 уақыт аралығында өтті. Экскурсияға топтардың кураторы Ерханова С.Б. қатысты.

Экскурсияның негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми дүниетанымын қалыптастыру, Қазақстанның ғылымды дамытудағы жетістіктерімен, тарихи-мәдени мұрасымен және отандық ғылымның даму кезеңдерімен тереңірек таныстыру болды.

Экскурсия «Қазақстан ғылымының тарихы және Сирек кітаптар музейінен» басталды. Бұл бөлім студенттерге еліміздің ғылымының қалыптасу кезеңдерін көрсететін кешенді ғылыми экспозициялар арқылы зор әсер қалдырды. Тастарға жазылған жазбалар мен Балбал тастардан бастап, қазақ жерінде туған белгілі ақын, ағартушылар, философтар және Қазақ ғылымын дамытуға үлес қосқан Алаш зиялылары мен қайраткерлеріне дейін таныстырылып, олардың іргелі зерттеулері, ғылымдағы жаңалықтары кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, студенттер араб, парсы, шағатай тілдеріндегі көне трактаттарды, табиғаттану ғылымдарына арналған сирек басылымдарды және алғашқы ғылыми карталардың түпнұсқалық нұсқаларын көрді. Музей қызметкері қағаз өндіру технологиясы, кітап реставрациясы және жазба мұраның сақталу ерекшеліктері туралы құнды мәліметтер берді.

Келесі экспедиция «Табиғат музейінің» палеонтология залынан басталды. Бұл бөлім студенттерге Жердің геологиялық даму кезеңдерін, тіршілік формаларының эволюциялық өзгерістерін және қазба организмдердің ғылым үшін маңызы туралы мол ақпарат берді. Залда ұсынылған трилобиттердің, аммониттердің, динозавр сүйектерінің, ежелгі сүтқоректілердің қалдықтары — планетаның миллиондаған жылдар бұрынғы биологиялық әртүрлілігінің көрінісі ретінде ерекше қызығушылық тудырды. Экскурсовод әр қазбаның табылу контекстін және олардың эволюциялық биологиядағы орны туралы ғылыми дәлелдермен түсіндірді. Қазақстан аумағынан палеозой дәуірінде теңіз жәндіктері мен өсімдік қалдықтары, мезозойда динозавр сүйектері мен аммониттер, ал кайнозойда мамонт, гиппарион сияқты сүтқоректілердің қазба қалдықтары табылғандығы көрсетілді. Бұл мәліметтер студенттердің қызығушылығын арттырып, Қазақстан тарихын терең зертттеуге қызығушылығын арттырып, студенттерге әр кезеңнің тіршілік эволюциясын нақты елестетуге мүмкіндік берді. Жалпылай алғанда, палеонтология залындағы еліміздің геологиялық тарихымен тығыз байланыстағы табиғи мұралар студенттерге ерекше әсер қалдырды.

Экскурсияның үшінші бөлімі Археология музейінде жүргізілді. Мұнда Қазақстан аумағындағы ежелгі өркениеттердің мәдениетін айқындайтын құнды артефактілер – қола дәуірінің қыш бұйымдары, сақ мәдениетінің әшекейлері, тұрмыстық және ғұрыптық заттар, ортағасырлық қалалардың археологиялық материалдары көрсетілді.

Артефактілердің әрқайсысы ғылыми реконструкциялармен бірге ұсынылып, олардың мәдени-тарихи маңызы, табылу әдістері және датировкасы туралы нақты ақпарат берілді.

Танымдық экскурсия студенттердің ғылымға, мәдени мұраға және табиғат тарихына деген қызығушылығын айтарлықтай арттырды. Өз өлкесінің бай ғылыми-тарихи құндылықтарымен танысу олардың жауапкершілік сезімі мен патриоттық ұстанымын нығайтып, ұлттық мұраға деген құрметін арттырды.

Экскурсия соңында студенттермен естелік суретке түсіп, ерекше әсермен қайттық. Шара барысында түсірілген сәттер ҚР Ұлттық академиялық музейінің ресми Instagram парақшасында жарияланды, ал бейнежазбаның сілтемесі төменде көрсетілді.

https://www.instagram.com/reel/DRKD8ZbjP6W/?igsh=MXhueXRjcW9uOXd5bA%3D%3D