2025 жылдың 14 қарашасында «Молекулалық биология және медициналық генетика» кафедрасында ассистент Ерханова С.Б. М25-015қ және М25-016қ топтарының 1 курс студенттерімен «Заң және жастар: жауапкершілік пен таңдау» тақырыбында лекция-дискуссия жүргізді.
Іс-шара Желтоқсан көшесі, 37А мекенжайында орналасқан 506-аудиторияда сағат 11:00-де өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау қажеттілігін түсіндіру және жастардың жауапкершілікке қатысты көзқарасын қалыптастыру.
Лекция барысында кәмелетке толмаған және кәмелеттік жасқа толған студенттерге қатысты құқықтық жауапкершілік түрлері, олардың ерекшеліктері, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары және заңды таңдаудың маңызы қарастырылды. Сонымен қатар студенттерге нақты құқықтық жағдайлар бойынша мысалдар ұсынылып, пікірталас ұйымдастырылды.
Лекция–дискуссия барысында қылмыс және құқықбұзушылық түрлері, сондай-ақ кәмелетке толған жастардың қылмыс жасағаны үшін қарастырылатын жауапкершілік түрлері туралы ақпарат берілді. Қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік және азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің қандай жағдайда және қалай міндеттелетіні түсіндірілді. Сонымен қатар, жаза түрлері мен олардың қолданылу ерекшеліктері де талқыланды. Осыған қосымша, университеттің академиялық саясаты және академиялық адалдық кодексі жөнінде де сөз қозғалды.
Студенттерге сабақтан себепсіз қалмау, университет мүлкіне ұқыпты қарау, білім алу процесінде адалдық сақтау секілді маңызды кеңестер берілді. Студенттер тақырыпқа белсенді қатысып, өз сұрақтарын қойып, құқықтық нормаларды түсіну мен қолдану бойынша пікірлерін білдірді. Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және жауапты шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етті.


