Тірі болуымыз керек, тірі болу үшін,
ірі болуымыз керек. А. Байтұрсынұлы
Құрбандарға құрмет – ұрпаққа міндет
14 маусым күні Университеттің тәжірибелік дағдыларды меңгеру орталығында 1929-1938 ж.ж. аралығында бірнеше мыңдаған қазақ зиялыларын қисынынан қырылған «Құғын-сүргін құрбандарына» арналған стоматология және жалпы медицина факультетінің үшінші курс студенттерінің қатысуымен тәрбиелік маңызы бар отырыс өткізілді.Отырыстың басында жазықсыздан қырылып кеткен боздақтарға тағзым ету мақсатында бір минут үнсіздік жарияланғаннан кейін жалпы хирургия кафедрасының ассистенті м.ғ.к. А.Қаныбеков Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» атты өлеңінің бір шумағын:
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген
– деп жырлағанын мысалға келтіріп, қазақтың басынан өтпеген зұлматтың кемде-кем екендігін ескеріп «Құрбандарға құрмет – ұрпаққа міндет» деген тақырыпқа баяндама жасау үшін стоматология факультетінің үшінші курсының студенті Зимуханова Мейрамгүлге сөз берілді.
Баяндамада атап көрсетілді: 31 мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн.
Көп жағдайда тарихшыларымыздың өзі сол уақыттарда болған нақты цифрларды бізге ұсына алмайды. Бірі 2 миллион қазақ қырылды десе, бірі 4 миллион,ал басқалары бойынша ашаршылық пен қуғын-сүргіннен 10 миллиноға жуық қазақ қырылды дейді.
Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары болған. Көбі алаштың арыстары.
1929-1933 жылдары Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3 386 адамға ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарған.
1930-1932 жылдары 1,5 миллион қазақ өздерінің байырғы атамекенін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Егер 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұрған болса, 1933 жылы халықтың саны 2 миллион 493 мың ғана болып қалды.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасты. Олар: Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері құрылып, онда қазақ мәдениеті мен ғылымына, ағарту саласына еңбегі сінген зиялы өкілдері азап шекті.
Бүгін мыңдаған қуғын-сүргін құрбандарын – Ахмет Байтұрсыновты, Әлихан Бөкейхановты, Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіровті, Мағжан Жұмабаевты, Міржақып Дулатовты, Тұрар Рысқұловты, Санжар Асфендияровты, Темірбек Жүргеновті, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтарды және т.б. еске алмауға болмайды.
Жаппай қуғын-сүргін бұрынғы Кеңес Одағының бірде-бір халқын айналып өткен жоқ.Қазақстанға әр жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасылары, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы жер аударылды. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан қазақ халқы еріксіз жер аударылғанбауырластарымызды жылы қабылдап, соның нәтижесінде тоталитаризмнің қанды шеңгеліне бірлесе төтеп берді.
НКВД-ның ерекше бұйрығымен сол бір зұлмат жылдары қазақтың қамын ойлаған ұлт серкелеріне жөнсіз жала жабылып, аяусыз атылып, итжеккенге айдалса, отбасылары да қуғынға ұшырап, лагерлерге қамалды. Ардақтыарыстарымыздың әйелдері мен балалары «АЛЖИР» – «Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагерінде де азап шекті. АЛЖИР лагері 1938-1953 жылдар аралығында жұмыс істеді, 20 мыңға жуық әйел қамалып, олардың 7 мыңнан астамы азап түрмесінде көз жұмды. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Жұмат Шаниннің, Санжар Асфендияровтың, Темірбек Жүргеновтің, Тұрар Рысқұловтың т.б. әйелдері де бар еді.
«Қарлагта» ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да мерзімдерін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинаттарына тапсырылды. Оның да вахтасы, қақпасы бар еді. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ «Қарлагта» осындай жеті мекеме болды. Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941–1944 жылдары 924 бала, ал 1950–1952 жылдары 1130 сәби опат болды
Биылғы жылы 31-мамыр күні Университеттің оқытушылары мен студенттері Алматы облысының «Жаңалық» ауылында жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін қаралы митинг өткізіп, оның соңынан ас берілгенін ескерте кету қажет.
Сонымен, бүгінгі баяндамамызды қорыта келе ескертуге тұрарлығы:біздің жүрегімізде жазықсыз жапа шеккен, репрессияға ұшырағандардың әйелдері, олардың отбасылары мен туған-туыстарының есімдері мәңгілікке қалады деген тұжырым жасауымызға болады деген ескертулермен баяндама аяқталды.
Негізгі баяндамадан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметов атамыздың «Қазақ қасқырға да жем болған», академик Салық Зимановтың балалық шағы туралы, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам туралыестеліктерін, Арқаның атақты күйшісі Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» атты жоқтау күйінің шығу тарихы туралы деректерді стоматология факультетінің үшінші курс студенттері Баймен Азат, Оңалбек Нұрлан, Қожабаева Мөлдір, Биманова Айман қосымша баяндама жасады.
Отырыстың соңынан қуғын-сүргінді бастарынан кешірген мыңдаған жазықсыз адамдар туралы өлең шумақтары оқылғаннан кейін, деректі бейне таспалар көрсетілді. Жалпы медицина факультетінің үшінші курс студенттері Бекен Аяна және Сармырза Гүлстан бірнеше халық әндерін, сонымен қатар сол заманда қуғын-сүргін зұлматын басынан кешкен Құрманғазы атамыздың бірнеше күйлерін домбырамен орындап берді.
Сонымен, жалпы хирургия кафедрасының ассистенті м.ғ.к. А.Қаныбеков отырысты қорытындылап, осы азалы күнге байланысты 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Алматы қаласында 1931-1938 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында ескерткіш ашылуына байланысты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қысқаша баяндама жасағанын ескерте келіп, біздің жастарымыздың ендігі жердегі борышы – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау қажет екендігі туралы тұжырым жасалды.
Жалпы хирургия кафедрасының
ассистенті, м.ғ.к. А.Қаныбеков
Қалыпты анатомия кафедрасының
доценті, м.ғ.к. Искиндирова А.М.
үшінші курс студенті Баймен Азат