2025 жылдың 15 желтоқсанында бекітілген оқу жоспарына сәйкес С.Р. Қарынбаев атындағы қалыпты анатомия кафедрасында 126-аудиторияда Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік күні» іс-шара өтті.

Іс-шараны Исабекова Т.К., Сүлейменова А.Ж., Абийрова Н.Б., Оханова М.И. және Жалпы медицина факультетінің 25-047 тобының студенттері ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайту, ұлттық тарихқа және елдің ерлік жетістіктеріне деген құрметті қалыптастыру.

Іс-шараны жүргізушілер Сайдулла Тоғжан мен Қайратов Алан (ЖМ 25-047 тобы) бастап, қатысушыларды Қазақстанды тәуелсіздікке жеткізген тарихи оқиғалармен таныстырды. Тарихи мәліметтерден кейін Жалпы медицина факультетінің 25-005 тобының студенті Сымбат Құлбаева «Көңіл толқыны» күйін орындады.

Одан әрі жүргізушілер Қазақстанның тәуелсіздік тарихы туралы әңгімесін жалғастырып, еліміздің тәуелсіздік алған сәтіндегі халықтың қуанышы мен толқынысын бейнелейтін фильмнен қысқаша үзінді көрсетті.

Келесі бөлімде қонақтардың Қазақстанның тәуелсіздігі туралы білімін анықтауға арналған викторина өткізілді. Дұрыс жауап берген қатысушыларға шағын тәтті сыйлықтар табысталды.

Іс-шара барысында Жалпы медицина факультетінің 25-002 тобының студенті Бейсембек Дарын «Алаш» күйін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.

Күйден кейін қонақтар мен қатысушыларға өз тілектері мен құттықтауларын жазып, түрлі-түсті плакатқа бекіту мүмкіндігі берілді.

Іс-шара соңында ассистент профессоры Б.Ш. Шакенов қорытынды сөз сөйлеп, барша қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады,  студенттерге оқуда табыс, болашақта сәттілік, бақ-береке тіледі.