20.10.2025 ж. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ғылыми негізде таныстыру мақсатында М25-009 және М25-010 тобының студенттерімен бірге «Ғылым ордасы» РМК қарасты Археология музейіне оқу-танымдық саяхат ұйымдастырылды. Бұл іс-шара оқу бағдарламасының «Қазақстан тарихы», «Археология негіздері» және «Тарихи-мәдени ескерткіштер» тақырыпқа қатысты тәрбиелік компонентті жүзеге асыруға бағытталды.
Экскурсияның басты міндеті – студенттердің археология ғылымына деген қызығушылығын арттыру, археологиялық артефактілерді көзбен көріп, олардың ғылыми маңызын түсінуге мүмкіндік беру және ел тарихына деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Студенттерді Қазақстан аумағындағы ежелгі, ерте көшпелілер және ортағасырлық дәуірлердің археологиялық ескерткіштерімен таныстыру, тарихи мұралармен тікелей жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыру.
Экскурсия барысында студенттер музейдің барлық негізгі залдарын аралап, Қазақстан территориясында әр кезеңде өмір сүрген тайпалар мен өркениеттердің мәдени ерекшеліктерімен танысты. Музей қызметкері археологиялық қазбалардан табылған заттардың шығу тарихы, табылған орындары мен ғылыми реконструкциялары жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынды.
Экспозицияларда төмендегідей жәдігерлер таныстырылды:
– қола дәуірі: қыш ыдыстар, еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар;
– ерте темір дәуірі: сақ және үйсін тайпаларына тән қару-жарақтар, әшекейлер, жылқы әбзелдері;
– ортағасырлар: қалалардан табылған архитектуралық элементтер, керамика, әшекейлер, тұрмыстық заттар;
– қорғандар мен қоныстардан алынған материалдар: реконструкциялар, фотосуреттер, карталар.
Студенттер көрсетілген әрбір кезеңнің мәдени-тарихи ерекшеліктерін салыстырып, экскурсия жүргізушісіне сұрақтар қойып, белсенді пікірталасқа қатысты.
«Ғылым ордасы» РМК Археология музейіне жасалған оқу-танымдық саяхат студенттердің білімін толықтырып қана қоймай, олардың тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосты. Экскурсия болашақ мамандардың дүниетанымына оң әсер етті. Студенттердің белсенділігі, қызығушылығы және танымдық ынтасы экскурсияның тиімді ұйымдастырылғанын көрсетті.



