«Дені саудың – жаны сау»

Біздің еліміз де енуге тырысқан бәсекеге қабілетті елдердің бір критериі – тұрғындардың өмір жасының ұзақ болуы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, халықтың денсаулығына әсер ететін тиімді шара – бір жағынан ауруларды болдырмауға жағдай жасау, ал екінші жағынан салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ету. Қазақстан бойынша өлім-жітім деңгейі алаңдатарлық жағдай болып қалуда. Соның ішінде бірінші орынға жүрек-тамыр жүйесінің аурулары, қауіпті ісіктер мен туберкулез аурулары иемденіп отыр. Мамандардың айтуынша, аталмыш аурулар халықтың жас әрі еңбекке қабілетті бөлігін қамтуда. Еліміздегі демографиялық жағдайды ескерсек, жұмысқа қабілетті жастағы тұрғындардың жиі ауыратыны қауіпті болып табылады. Бұл халықтың салауатты өмір салтын ұстанбайтынын көрсетеді.

«Дені саудың – жаны сау» атты мақал тегін айтылмаса керек. Әрбір азамат дені сау болу үшін дене белсенділігін қарқындату, зиянды әдеттерден бас тартуы және дұрыс тамақтануы керек. Осыған  орай 7 сәуір күні университетіміздің белсенді студенттерінен құралған Жалпы медицина факультеттің  студенттік өзін-өзі басқармасы  Алматы көшелерінің бірінде үлкен іс-шара өткізді. Іс-шара барысында студенттер қала тұрғындарына сауалнама жүргізіп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын, болашақ жастардың қолында екенін түсіндіріп, жас тұрғындардың қолындағы әрбір шылымды дәрумендер мен тәттілерге ауыстырды және флэш-моб  көрсетті. Қала тұрғындары осындай іс-шарадан кейін салауатты өмір салтын ұстанамыз деп студенттерімізге уәдесін берді.

 

Жалпы медицина факультеті