(KAZ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – болашақ дәрігердің кәсіби ұстанымы

Sorry, this entry is only available in KAZ.

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл құбылыс мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, азаматтардың заңға деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ісі мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық білім беру деңгейлерінде жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Әсіресе болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын насихаттаудың маңызы зор. Бұл бағыт Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясындағы міндеттермен де сабақтас. Аталған мақсаттың негізгі міндеттерінің бірі сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың барлық түрлерін азайтуға бағытталған. Сондықтан жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, академиялық адалдық қағидаттарын нығайту және жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» көзқарасын орнықтыру тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бейсенова А.Ж. және ассистент Ерханова С.Б. ұйымастыруымен «Жалпы медицина» мамандығының 1-курс студенттері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ» тақырыбында бірқатар тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, дискуссия, дөңгелек үстел және лекция-дискуссия форматында өткізілген кездесулерге М25-007/008қ және М25-015/016қ топтарының студенттері қатысты.

Іс-шаралардың басты мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, академиялық адалдық қағидаттарын нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» көзқарасын орнықтыру болды. Бұл мәселелердің өзектілігі қазіргі таңда ерекше байқалады. Өйткені білім беру саласындағы кез келген әділетсіздік болашақ мамандардың кәсіби деңгейіне әсер етеді.

Кездесулер барысында студенттер сыбайлас жемқорлықтың мәні, оның қоғамға және мемлекетке тигізетін зардаптары туралы жан-жақты ақпарат алды. Әсіресе медицина саласындағы академиялық адалдық мәселесіне ерекше назар аударылды. Болашақ дәрігерлер үшін білімді сапалы меңгеру – тек жеке жетістіктің ғана емес, адам өмірі мен денсаулығына деген жауапкершіліктің көрсеткіші екені атап өтілді.

Дискуссия барысында студенттерге «Егер бәрі пара берсе, мен неге бермеуім керек?» деген ойландыратын сұрақ қойылып, пікірталас ұйымдастырылды. Бұл сұрақ жастардың мәселе төңірегіндегі көзқарастарын ашық білдіруіне мүмкіндік берді. Студенттер түрлі пікірлер айтқанымен, талқылау соңында кез келген заңсыз әрекет қоғамның дамуына кері әсер ететіні және сыбайлас жемқорлықтың қалыпты құбылыс ретінде қабылданбауы тиіс деген ортақ қорытындыға келді.

Сонымен қатар студенттер академиялық жемқорлықтың салдарын талқылады. Білімді адал жолмен меңгермеу, емтихан нәтижелерін заңсыз жолмен жақсартуға ұмтылу немесе академиялық алаяқтыққа бару болашақта кәсіби құзыреттіліктің төмендеуіне алып келетіні айтылды. Әсіресе медицина саласында мұндай әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Себебі кәсіби білімі жеткіліксіз дәрігердің қателігі адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Іс-шаралар аясында нақты өмірлік жағдайлар да қарастырылды. Студенттер жемқорлық немесе академиялық адалдықты бұзу жағдайларына тап болған кезде қандай әрекет жасау қажеттігін талқылады. Университеттің комплаенс-қызметіне жүгіну тәртібі, 1424 сенім телефонының жұмысы және өтініш берушінің жеке деректерінің құпиялығы туралы түсіндірме берілді. Бұл өз кезегінде студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі ережелері түсіндіріліп, пара беруші мен пара алушының заң алдындағы жауапкершілігі туралы айтылды. Студенттер заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін және құқықтық мемлекет құру ісіне әркім өз үлесін қосуы қажет екенін атап өтті.

Іс-шара соңында студенттер өз пікірлерін білдіріп, академиялық адалдық қағидаттарын қолдайтындарын жеткізді. Олар білімді адал жолмен алу кәсіби табыстың және қоғам алдындағы жауапкершіліктің негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ «Таза сессия» қағидатын қолдайтындарын білдіріп, емтихандарды әділ әрі ашық тапсыруға дайын екендіктерін айтты.

Мұндай тәрбиелік іс-шаралар жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – болашақ дәрігерлердің кәсіби этикасын нығайтып, адалдық пен жауапкершілікке негізделген құндылықтарды дәріптейді. Өйткені адал білім алған маман ғана қоғам сеніміне ие болып, ел дамуына өз үлесін қоса алады.

 

Қауымдастырылған профессор Бейсенова А.Ж.

Ассистент Ерханова С.Б.