Мейірім мен еңбектің марапаты: «Күміс алқа» иегері – ҚазҰМУ қызметкері

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қуанышты әрі мерейлі оқиға орын алды. Микробиология, вирусология кафедрасының ассистенті Угышева Шолпан Ерланқызы алты бала тәрбиелеп өсіргені үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі тарапынан «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Бұл жоғары марапат көпбалалы аналардың қоғамдағы және отбасы тәрбиесіндегі ерекше еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі болып табылады. «Күміс алқа» – аналық міндетке адалдықтың, сабыр мен мейірімнің, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіне қосылған зор үлестің символы.

Шолпан Ерланқызы кәсіби қызметі мен отбасылық жауапкершілікті үйлестіре отырып, әріптестері мен студенттеріне үлгі болып жүрген тұлға. Ол өз ісіне деген адалдығымен қатар, көпбалалы ана ретінде де зор құрметке ие.

Осы айтулы оқиғаға байланысты микробиология, вирусология кафедрасының ұжымы және «С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КеАҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Шолпан Ерланқызын Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі тарапынан берілген жоғары марапатымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт, бақ-береке, еңбегіне табыс және бала-шағасының қызығын көре беруіне тілектестік білдіреді.

Университет ұжымы осындай парасатты, еңбекқор әрі аяулы әріптесімен мақтанады. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен қуанышты сәттер көп болсын!