С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, Марат Едигеұлы Шоранов пен визитинг профессор, кванттық офтальмология зертханасының меңгерушісі (Гонконг, Қытай), PhD Мұхит Асқарұлы Кулмаганбетовпен кездесу туралы есеп

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ректор Марат Едигеұлы Шоранов визитинг профессор, кванттық офтальмология зертханасының меңгерушісі (Гонконг, Қытай), PhD Мұхит Асқарұлы Кулмаганбетовты қабылдап, ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесудің негізгі мақсаты – медицина ғылымының заманауи бағыттарын талқылау, халықаралық ғылыми байланысты нығайту және инновациялық технологияларды білім беру мен клиникалық тәжірибеге енгізу мәселелерін қарастыру болды. Әсіресе офтальмология саласындағы кванттық технологиялардың мүмкіндіктері, жасанды интеллект пен цифрлық диагностиканың болашағы кеңінен сөз етілді.

Кездесу барысында Мұхит Асқарұлы Кулмаганбетов өз зертханасында жүргізіліп жатқан ғылыми жобалары туралы, көз ауруларын ерте диагностикалау, көру қабілетін сақтауға арналған жоғары дәлдіктегі технологиялар және халықаралық ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми интеграцияны дамыту, бірлескен зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелеріде талқыланды.

Өз кезегінде Марат Едигеұлы Шоранов университеттің ғылым мен білім саласындағы стратегиялық даму бағыттарына тоқталып, халықаралық әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ректор шетелдік жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасу университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, студенттер мен жас зерттеушілердің кәсіби дамуына зор мүмкіндік беретінін жеткізді.

Болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруға және медицина ғылымындағы инновациялық бастамаларды қолдауға ниетті екендіктерін білдірді.

Аталған кездесу С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттыруға, заманауи медициналық технологияларды дамытуға және ғылым мен білім интеграциясын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.