Байқауды С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаменті, Тілдік пәндер кафедрасы және «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Байқауға 40 студент қатысты, олардың алтауы жүлделі орындарға ие болды.
Эссе байқауының нәтижелері:
1 орын– Мамадьярова Аружан Жанатқызы ЖМ22 -061, 1 курс
2 орын– Акенчист Анжела Юрийқызы ЖМ22-052, 1 курс
2 орын– Аманғали Абылай Абатұлы Стоматология факультеті, 22-014, 1 курс
3 орын– Утесова Ания Фаридовна ЖМ22-059-, 1 курс
3 орын – Исламбекова Аяжан Ерланкызы ФӨТ22-003, 1курс
3 орын – Жубатканов Нариман Панабекулы ФӨТ22-035, 1курс
Эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Х. Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай 2023 жылдың 28-сәуірі күні өткізілетін «Х.Досмұхамедұлы – ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы барысында өтеді. Эссе байқауының қорытындысы бойынша студенттер С.Ж.Асфенфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры М.Е.Шорановтың және «Арыс» қорының президенті Ғ.Әнестің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Халқын ғылым мен білімге сүйреп, елінің азатығы жолында жанын қиған Х.Досмұхамедұлының қайраткерлігі мен ғалымдық тұлғасын жан-жақты ашып көрсету мақсатында Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаменті мен Тілдік пәндер кафедрасы Алматы қаласындағы медициналық оқу орындары мен колледждер арасында «Халқы үшін қызмет еткен Халел» атты зияткерлік ойын-пікірсайыс өткізді. Зияткерлік ойын-пікірсайысқа С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ-дың «Рух» пікірсайыс клубы, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің «Атлант» пікірсайыс клубы, Білім беру мекемесі «Аяжан» медициналық колледжінің «Аяжан» пікір-сайыс клубы және Республикалық Жоғары медица колледжінің «Алаш» пікір-сайыс клубы қатысты.
Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар Х.Досмұхамедұлының өмірі мен қызметі туралы дайындап келген видео-слайдтарын қорғады.
Екінші кезеңде командалар Халел Досмұхамедұлының қайраткерлігіне жəне ұлт ардақтысының халқы үшін жасаған еңбектеріне арналған викториналық сұрақтарға жауап берді.
«Жас Халел және қазіргі заман жастары» тақырыбындағы пікірталаста командалар Халелдің студент кезінен бастап-ақ саяси істерге араласуына себеп болған жағдайлар туралы айтып, қазіргі жастар арасында саяси белсенділік қандай деген тақырыпты да қаузады.
Видеослайдтарды қорғау кезінде «Рух» командасының мүшесі Степанова Дария, «Аяжан» пікір-сайыс клубының мүшесі Шаповалова Оксана және «Алаш» пікір-сайыс клубының мүшесі Мищенко Андрей Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергендерін паш етті. Ал пікірсайыстың үздік спикерлері атанған «Рух» командасының мүшесі Сапарбаева Арайлым мен «Аяжан» пікірсайыс клубының мүшесі Туғамбаева Мәлика өздерінің сөзге шешендіктерімен, ойларының нақтылығымен, көпшілік алдында өздерін еркін ұстауларымен көрермен көпшіліктің көңілдерінен шықты.
Қызықты да тартысты өткен зияткерлік ойын-пікірталаста бас жүлдені «Рух» командасы олжаласа, 1-,2-,3-орындарды «Аяжан», «Атлант», «Алаш» командалары бөлісті.
Х.Досмұхамедұлының: «Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдары қадірлеу – елдіктің белгісі»,– деген пікірі оның өзіне айтылғандай. Халқын өркениетті, дамыған елдер қатарына қосамын деп ғылымның әр саласына қалам тартқан жан-жақты дарын иесі және елінің бостандығы үшін күресте жанын қиған Халел Досмұхамедұлы сияқты дара тұлғаны осылайша ардақтап жатуымыз тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің белгісі деп мақтанышпен айта аламыз. Х.Досмұхамедұлына арналып өткізілген бұл іс-шаралар еліміздің болашағы жарқын екенін көрсетеді.