(KAZ) С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Молекулалық биология жəне медициналық генетика кафедрасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 14 мамыр күні университеттің 7-корпусындағы 7-аудиторияда офтальмология мамандығы бойынша резиденттер мен визитинг-профессор Құлмағанбетов Мұхит Асқарұлының кездесуі өтті.

Sorry, this entry is only available in KAZ and Russian.

Кездесудің құрметті қонағы — Құлмағанбетов Мұхит Асқарұлы — С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, Гонконгта қызмет атқаратын офтальмолог дəрігер, көру ғылымдары саласындағы PhD докторы, клиникалық офтальмология, ғылыми зерттеулер жəне медициналық кəсіпкерлік бағыттарында 10 жылдан астам тəжірибесі бар маман. Ол 40-тан астам рецензияланатын ғылыми мақалалардың авторы, патент иесі жəне «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері. Сонымен қатар, Гонконгта жасанды интеллект пен көрудің кванттық технологиялары саласында жұмыс істейтін екі MedTech компаниясының негізін қалаушы болып табылады.

Іс-шара резиденттермен ашық сұхбат жəне мотивациялық кездесу форматында ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушылар профессордың кəсіби қалыптасу жолы, офтальмология саласын таңдау себептері, ғылымға келу тəжірибесі, халықаралық ғылыми-зерттеу қызметі, кəсіби жолда кездескен қиындықтары мен жетістіктері туралы мазмұнды ақпарат алды. Сондай-ақ профессор өз ғылыми жаңалықтарының тəжірибелік медицинаға енгізілуі, инновациялық жобалар мен заманауи медициналық технологиялардың дамуы жөнінде кеңінен баяндады.

Резиденттер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, қатысушылар үшін тəжірибе алмасуға, кəсіби бағдар алуға жəне ғылыми мотивацияны арттыруға мүмкіндік жасалды. Кездесу жоғары деңгейде өтіп, болашақ мамандар үшін тағылымы мол, мазмұнды əрі пайдалы іс-шара болды.