«АТА — АНАНЫҢ ПАРЫЗЫН, ӨТЕУ — СЕНІҢ ҚАРЫЗЫҢ»
деген тақырыпқа студенттермен өткізілген тәрбие сабағы
Ата-ананың қадірін білмеген
– халық қадірін білмес. Ғ.Мұстафин
«Әйел- бір қолымен бесікті тербетсе,
екінші қолымен әлемді тербетеді».
«Ата–ананың парызын, өтеу–сенің қарызың» деген тақырыпқа жалпы медицина факультетінің үшінші курс, 2,5,8 топтарының студенттерімен тәрбие сағаты өткізілді. Отырыстың алдында болашақ дәрігерлер, сіздерге былай демекпін деп, оқытушы м.ғ.к. А.Қаныбеков өзінің кіріспе сөзін бастады. Ата-ана-әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығу қажет. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. «Әкеге бағыну – тәңірге бағыну» деп әкені де дәріптеген. Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымызда адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.
Жоғарыда көрсетілген тақырыпқа баяндама жасау үшін Райымжан қызы сөз беріледі. Өз баяндамасын Райымжанқызы Әсел былай деп бастады: Әр бала үшін дүниедегі ең қымбат жандар, әрине, ата-анасы болуға тиіс. Олардан жақын адамдар бұл дүниеде табыла қоймас. Себебі, олар біздің туғанымыздан бастап, қасымызда жүріп, қамқорлық жасап, қолындағы барын бізге берген. Әрбірден соң, балаларым аш, қатарынан қалмасын деп, «ішейін деп отырған астарын» біздерге сақтап отыратыны бәрімізге белгілі. Қазірде біздердің орта мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуімізге демеу беріп, болашақ дәрігер болып шығуымызды армандап отырған жайлары бар. Сондықтан мен ата-ананың алдындағы борышты өтеу өте қиынға түседі деп ойлаймын.
Ертеректе, бір жігіт атақты ғұламаға: мен туған анамды бүкіл мұсылман елдерінің тұрғындары зиярат қылатын Мекке, Мединеге үш рет алып барсам, анамның алдындағы борышымды ақтай аламын ба, деп сұраған көрінеді. Сонда ғұлама айтқан екен: жоқ, анаңның сені тербетіп, бір түн ұйықтамаған кезіндегі борышынан ған құтыласың, деген екен. Себебі, олардың бізге сыйлағаны баға жетпес сыйы-өмір. Бұл-өте қымбат, баға жетпес нәрсе деп ойлаймын..
Сондықтан, ата-анаға не істесең, алдыңа өзіңнің балаларыңнан қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады.
Орыс атақты жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам ата, бала, келін, немере тұрған екен. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен әкеліп береді екен. Бір күні шалдың немересі ағаш жонып жатқан көрінеді. Сонда, оның әке-шешесі:
— Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.
— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, — депті баласы. Міне, осы мысалдан-ақ байқауға болады, бала жанұяда не көрсе, келешекте соны істейтінін.
Қазіргі жағдайға келетін болсақ, қартайып, денелерінен күш кеткен әке-шешесін қарттар үйіне тапсырып, айдың аяғында олардың пенсияларын әкетіп жатқан ер жеткен жігіттер аз емес екені анда, санда болса да кездесіп қалады.
Қорыта келгенде, адам өмірінің мәні, оның келешекке деген сенімділігінде. Баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке естен шығармауында. Бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігі, әдептілігі, адамшылығының белгісі. Ата-ана алдындағы перзенттік міндет-баланың өмір бойы өтеумен болатын қарызы.
Олар бізді дүниеге әкелді, ал біздің қолымыздан келетіні ол ата-анамызды ренжітпей, әрқашан оларға көмектесіп, қамқорлық жасап, құрметтеу ғана. Олардың бізге бергенін, біздің оларға беретінімізбен салыстыруға болмайды. Өйткені дүниедегі ең қымбаттысы-өмір. Ал, олар бізге өмір сыйлаған жандар емес пе? Біз оны бағалай білуіміз керек. Міне, сол себепті, біз ата-анамызға барынша қамқорлық жасап, оларды қуантып, ренжітпей жүру біздің парызымыз.
Мен ата-анама деген махаббатымды сөзбен жеткізіп айта алмаспын. Бұл сөздер менің оларға деген ыстық, шынайы сезіміммен салыстырғанда түкте емес. Ата-анамның көңілдеріне қаяу түсірмей, оларды бақытты ету үшін қолымнан келгенін істеймін. Оларға мың алғыс айтамын!
Асқар тауым әкем, ақ жаулықты анам – менің ең қыбтатты, теңдесі жоқ асыл жандарым деген тілекпен баяндамамды аяқтағым келеді.
Содан кейін сөз алған студент Дүйсекова Мадина баяндаманы ары қарай жалғастырып, ананың балаға деген сүйіспеншілігі жайында мынандай бір аңыз бар деп, қазақтың дарынды қызы Ақұштап Бақтыгереева әдемі де әсерлі жырға айналдырған «Ана жүрегі» өлеңін оқып берді.
Ары қарай тақырыпты талқылауды студент Сабденбаева Жанар жалғастырды. Ол ата – ана алдындағы перзеттің қырық парыздарын еске салды.
Келесі сөзді доцент Құрамысов Е.А. жоғарыда көтерілген тақырыпқа байланысты былай деп қорытынды жасады: Ал нәресте өмірінің нәрі – Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Соған байланысты өз тармақ өлеңінде ақиық ақын А. Тұрмағамбетовтың төмендегі бір шумақ өлеңін мысалға келтірді:
Әйел жерден шыққан жоқ
Ол да еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ,
Әйел оның анасы.
Сөзінің барысында, атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған», — деген шындықты айқындайтын тұлғалы тұжырымдамасын мысалға келтірді.
Әрине, сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады, деген қорытынды жасады.
Оқытушы А.Қаныбеков қорытынды сөзін төмендегіше аяқтады:
Адамдықтың ашқан соң қақпасын кеп,
Туған елің сүйсіне мақтасын деп.
Пәк сезіммен тілеймін адамдардың,
Анасының ақ сүтін ақтасын деп.
Ана десем сезім билер тым ыстық
Жарасымды адамдарға туыстық
Бар адамға берсе бар мейрімділік
Орнар еді бар әлемде тыныштық
Сондықтан біздердің борышымыз – ата-анаға, үлкен ұстаздар мектебіне қызмет жасап, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу. Егер нағыз адам болғыларыңыз келсе, онда ең әуелі ата-ана алдындағы борышты өтеуге мақсат қойыныздар. Болашақ адам жанының арашасы болуға талпынып жүрген дәрігерлеге айтатыным: ата-ананың атыңа кір келтірмеңіздер!
жалпы хирургия кафедрасының
ассистенті, м.ғ.к. А.Қаныбеков
студент Дүйсекова Мадина