Мұхит Құлмағанбетовтің ҚазҰМУ Офтальмологиялық орталығына жұмыс сапары: халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту

2026 жылғы 18 мамыр күні Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының визитинг – профессоры, PhD, офтальмолог-дәрігер Мұхит Асқарұлы Құлмағанбетов Алматы қаласы, Шевченко көшесі 126 мекенжайында орналасқан С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Офтальмологиялық орталығына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында орталық ұжымымен ресми кездесу ұйымдастырылып, мекеменің ғылыми-клиникалық қызметі,  офтальмология саласындағы заманауи диагностика мен емдеу бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, тараптар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, Scopus базасына енетін ғылыми мақалаларды жариялау, сондай-ақ гранттық және инновациялық жобалар бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды.

Кездесу барысында Мұхит Құлмағанбетовтің халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Ол – көру ғылымдары саласындағы PhD докторы, халықаралық офтальмологиялық зерттеулердің авторы және Гонконгтағы кванттық офтальмология зертханасының жетекшісі ретінде танымал маман. Ғалымның зерттеулері торқабық жасушаларындағы өзгерістерді ерте анықтау, глаукома мен макулярлық дегенерация секілді көз ауруларын бастапқы кезеңде диагностикалау бағыттарына арналған.

С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Офтальмологиялық орталығы — С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық базаларының бірі болып табылады. Орталықта көз ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары енгізілген, терапиялық және хирургиялық офтальмологиялық қызметтердің толық спектрі көрсетіледі. Офтальмоорталық университеттің ғылыми және тәжірибелік әлеуетін біріктіре отырып, пациенттерге қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы уақытта ғылыми-зерттеу бағытында өзара ынтымақтастықты нығайту, халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту және офтальмология саласындағы инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша келісімдер жасалды.