«Ғылым мен медицина тоғысқан сәт: Мұхит Құлмағанбетовтің дәрісі»

2026 жылғы 19–20 мамыр күндері С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қарасты Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының шақыртуымен кванттық физика бағытымен айналысатын офтальмолог ғалым Мұхит Құлмағанбетов университет студенттері мен оқытушыларына арнайы дәріс оқыды. Кездесу барысында ғылым мен медицинаның заманауи бағыттары, кванттық физиканың медицина саласындағы қолданылуы және офтальмологиядағы жаңа зерттеу әдістері кеңінен талқыланды.

Дәріс барысында студенттер мен жас ғалымдар халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеулер туралы тың мәліметтер алып, болашақ медицина ғылымының даму бағыттарымен танысты. Әсіресе кванттық физика мен медициналық технологиялардың байланысы, көз ауруларын диагностикалау мен емдеудегі инновациялық тәсілдер қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Аталған іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдары да ерекше назар аударды. Дәріс оқу барысында Қазақстан-1 телеарнасы «Prime Era» бағдарламасы үшін арнайы түсірілім жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Қаз НТВ телеарнасы тарапынан да түсірілім жасалып, ғылым мен білім саласындағы маңызды кездесу ретінде көрермен қауымға ұсынылды. Дәріс қонағы Мұхит Құлмағанбетовтің Қызылорда облысындағы қарапайым ауылдан шыққан қазақ азаматы екендігі ерекше аталып өтті. Оның ғылым жолындағы жетістіктері жастарға үлкен мотивация берді. Қазіргі таңда ғалым Гонконг пен Канада университеттерінде ғылыми зерттеулер жүргізіп, халықаралық ғылыми жобаларға қатысып келеді. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі Нобель сыйлығы иегерлерімен бірге қызмет атқаратыны да айтылды.

Кездесу соңында студенттер ғалымға өз сұрақтарын қойып, ғылыми тәжірибе мен халықаралық зерттеу жұмыстары жөнінде пікір алмасты. Мұндай тағылымды дәрістер жас мамандардың ғылымға қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына үлкен серпін беретіні сөзсіз.