«Ғылым сабақтастығы: ұстаз және шәкірт»

2026 жылғы 12–23 мамыр аралығында Алматы қаласындағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасына визитинг-профессор ретінде Гонконгтан белгілі офтальмолог дәрігер, көру қабілеті ғылымдары саласының PhD докторы, ҚазҰМУ түлегі Құлмағанбетов Мұхит Асқарұлы арнайы келді.

Құлмағанбетов Мұхит Асқарұлы — халықаралық деңгейде танылған жас ғалым, кванттық офтальмология және заманауи диагностика бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген білікті маман. Оның ҚазҰМУ қабырғасына қайта оралуы университет студенттері мен жас зерттеушілер үшін үлкен мотивация мен шабыт сыйлады.

Мұхит Асқарұлының ұстазы — молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ғылыми атағы бар С.К. Альмұхамбетова. Ұстаз бен шәкірттің ғылым жолындағы кездесуі кафедра ұжымы үшін ерекше әсерлі әрі мақтанышқа толы сәттердің бірі болды. С.К. Альмұхамбетова көптеген жылдар бойы молекулалық биология және медициналық генетика пәнінен дәріс беріп, талай білікті мамандардың қалыптасуына үлес қосқан тәжірибелі ұстаз ретінде танымал.

Визитинг-профессор молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында білім алушыларға дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізіп, медицина ғылымындағы инновациялық технологиялар, генетика және офтальмология саласындағы соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісті. Әсіресе, жасанды интеллект пен кванттық технологиялардың медицинадағы рөлі туралы мазмұнды пікірлері студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 21–22 мамыр күндері С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де IV Халықаралық «ANaMed Forum – New Generation 2026» форумы өтті. Форум аясында Құлмағанбетов Мұхит Асқарұлы арнайы қатысып, ғылыми баяндама жасады. Ол кванттық офтальмология, торқабық диагностикасы және медицинадағы жасанды интеллект технологиялары туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Баяндама қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, студенттер мен жас ғалымдар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды.

Форум барысында Қазақстан, Ресей, Германия, Түркия, Қытай және Испания мемлекеттерінен келген ғалымдар мен мамандар медицина, генетика және жасанды интеллект бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шара халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға, жас зерттеушілердің кәсіби дамуына және ғылым мен білімнің интеграциясын нығайтуға үлкен мүмкіндік берді.

«ANaMed Forum – New Generation 2026» халықаралық форумы ғылым, білім және тәжірибе алмасудың маңызды алаңы ретінде жас буынның кәсіби дамуына зор серпін берді.