Жасанды интеллект және генетика: AnaMed форумындағы студенттік ғылыми жобалардың жетістігі

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «ANaMed Forum – New generation 2026» халықаралық форумы аясында «Life Science: Генетика және медицинадағы жасанды интеллект» атты секциялық отырыс «Жалпы медицина – 1» мектебіне қарасты Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – молекулалық биология, медициналық генетика және жасанды интеллект салаларындағы заманауи ғылыми жетістіктерді талқылау, студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін қолдау және инновациялық технологияларды медицина ғылымына енгізудің маңызын арттыру болды.

Секциялық отырыс барысында 20-ға жуық ғылыми баяндама ұсынылып, медицинадағы жасанды интеллект технологияларының қолданылу мүмкіндіктері, генетикалық зерттеулердегі цифрлық модельдеу әдістері, биомедициналық деректерді талдау, виртуалды оқыту платформалары мен инновациялық білім беру технологиялары кеңінен талқыланды.

Қатысушылар ғылыми жобалардың практикалық маңызына ерекше назар аударып, медицина ғылымының цифрлық трансформациясы мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Аталған секцияда Медицина мектебінің студенті Камалов Ж. М. «Молекулалық биология және медициналық генетика үдерістерін виртуалды модельдеуге арналған интерактивті платформаны әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғады. Ғылыми жобаның жетекшісі — А. Ж. Молдакарызова, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының ғылыми атағы бар қауымдастырылған  профессоры, биология ғылымдарының кандидаты.

Жоба молекулалық және генетикалық үдерістерді визуализациялау мен виртуалды форматта модельдеуге арналған заманауи интерактивті платформаны әзірлеуге бағытталды. Сонымен қатар, ұсынылған зерттеу жұмысы күрделі биологиялық үдерістерді тиімді түсіндіруге, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға және медициналық білім беруде цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінімен ерекшеленді.

Секция қорытындысы бойынша Камалов Ж. М. І орын иеленіп, дипломмен және қаржылай сертификатпен (300000) марапатталды. Бұл жетістік студенттің ғылыми ізденісінің нәтижелілігін, зерттеу жұмысының жоғары деңгейде орындалғанын және жас ғалымдардың медицина ғылымындағы инновациялық бағыттарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті.