Медицина мектебінің Қазақ тілі кафедрасында «Қазақстан – егемен ел» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 21 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Медицина мектебінің Қазақ тілі кафедрасында Республика күніне орай «Қазақстан – егемен ел» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараға M26-005, M26-006, OM26-007 және M26-008 топтарының білім алушылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – білім алушыларға Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру және жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру.

Іс-шара барысында қатысушылар 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы мен Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы рөлін талқылады. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер, ұлттық бірегейлік, ел бірлігі және жастардың қоғам дамуындағы орны туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Осындай танымдық іс-шаралар білім алушылардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, тарихи санасын қалыптастыруға және туған елге деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

Тәуелсіздік – ұрпаққа аманат, болашаққа бағдар!