Мед24-013қ және Мед24-014қ топтарымен өткізілген С.Д. Асфендияров атындағы университет музейіне экскурсияның есебі

2026 жылдың 25 қыркүйегінде «Молекулалық биология және медициналық генетика» кафедрасының ассистенті Ерханова С.Б. тәлімгерлік Мед24-013қ және Мед24-014қ топтарының студенттерімен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің музейіне экскурсия жүргізді.

Іс-шара университеттің басты корпусында орналасқан музейде сағат 14:40-та өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – студенттерді университеттің бай тарихымен және отандық медицинаның даму кезеңдерімен таныстыру, көрнекті ғалымдар мен дәрігерлердің еңбегін үлгі ете отырып, бойларында кәсіби мақтаныш пен отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.

Экскурсия барысында студенттерге университеттің іргетасы қаланған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи белестері, оқу орнына есімі берілген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтың өмір жолы мен медицинаға қосқан үлесі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, қазақстандық медицина ғылымының негізін қалаған профессорлардың жеке заттары, сирек фотосуреттер мен архивтік құжаттар, бұрынғы кезде қолданылған медициналық құрал-саймандар мен анатомиялық экспонаттар көрсетілді.

Студенттер тақырыпқа белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тарихи жәдігерлер бойынша пікірлерін білдірді. Іс-шара жастардың таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға және университеттің құндылықтарын ұғынуға ықпал етті.