«Студенттерді отбасылық өмірге дайындау және құқықтық сауаттылығын арттыру»
Қазақстандағы отбасы және мемлекеттің отбасы саясаты мәселелері дамыған елдерге тән жалпы әлемдік даму бағыты ретінде бүгінде республикамыз бастан өткеріп отырған даму кезеңінің де басты ерекшелігі ретінде айқындалады. Осыған байланысты, көптеген отбасыдағы проблемалар бүгін ғана туындап отырған жоқ, толымсыз отбасы, ажырасу, ерлі-зайыптылар жанжалы, сондай-ақ, жалғызбастылар проблемасы бұрын да болған, бірақ, оған жете мән берілмеген. Оған қоса, адамның өзінің жеке өміріне, некеге, сүйіспеншілікті мүдделерінің қанағаттандырылуына, рухани жақындыққа деген талабы да арта түскен. Некелік-отбасылық қатынас бүгінгі таңдағы аса маңызды қоғамдық-саяси мәселенің бірі. Отбасы – халықтың өсіп-өркендеуінде, өсіп келе жатқан ұрпақтар тәрбиесінде, ата-бабаларымыз мұра еткен саяси-әлеуметтік тәрбие мен мәдени құндылықтарды жеткізуде өте маңызды роль атқратын қоғамның құрамдас бір бөлігі. Отбасының тіршілік әрекеті экономикада, саясатта және мәдениетте жүретін процестермен байланысып, саяси-әлеуметтік шынайлықпен астарласып жатыр. Сол себепті, «Студенттерді отбасылық өмірге дайындау және құқықтық сауаттылығын арттыру» мақсатында «Философия және әлеуметтану» модулі Жалпы медицина факультеті 10 топ студенттерімен 27 ақпан күні дөңгелек-үстел өткізді. Дөңгелек-үстелде «Құқықтық сауаттылық – қоғам дамының кепілі», «Отбасы зерттеудің теориялық тәсілдерінің типологиясы», «Неке және отбасы социологиясы», «Отбасының тәрбиелік қызметі», «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі», «Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі», «Отбасының түрлері», «Неке-отбасы заңдары», «ҚР Президентінің Жолдауындағы ана мен бала мәселесі», «Азаматтық неке дұрыс па?» тақырыптары талқыланды. Әрбір студент өзінің тақырыбын аша білді. Мұнымен студенттер өздерінің болашақ ата-ана екенін, мойындарында саналы ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі тұрғанын сезінген тәрізді. Студенттер: «Қазақстанға отбасы күнін енгізу керек және жас бүлдіршендерді, жас өспірімдерді ұлттық тәліммен тәрбиелеу керектігі жөнінде» өз ұсыныстарын білдірді. Дөңгелек-үстелде ерекше сөз саптауымен, ойын ашық білдіріп, тақырыптарын жан-жақты аша білген студенттер: Ұ.Оңғарбайқызы, А.Әлмаханова, Д.Садыков, М.Жумасилова, Ұ.Оңғар, Д.Кожабекова, Р.Ануова, Қ.Нұрәзімова, Н.Шырынбеков, А.Сомбаева, А.Ибраев, Ұ.Іңкәрбекова, Д.Кемелов ерекше көзге түсті. Дөңгелек-үстелге модуль меңерушісі ф.ғ.к., доцент З.У.Бисембаева және модуль оқытушылары ә.ғ.д., профессор К.Ү.Биекенов, ә.ғ.к. З.А.Нағайбаева, Д.Мамытханов, аға оқытушылар Н.А.Абдразакова, Т.Б.Тауекелова, Н.М.Тәттібек, М.И.Исаева қатысты.
Дөңгелек-үстелдің қорытынды сөзін модуль меңерушісі ф.ғ.к., доцент З.У.Бисембаева қорытындылап: «Біздің міндетіміз сіздерге тек білім беру ғана емес, үлгі-өнеге көрсете отырып, тұлға қалыптастыру. Тәрбиені – тал бесіктен қалыптастыру керек. Себебі, «Тәрбиесіз берілген білім апатқа әкеледі». Бүгінгі жас студенттер болашақта іргесі берік жанұя құрып, саналы ұрпақ тәрбиелеп, мемлекеттің өсіп- өркендеуіне үлестерін қосып жатса, бүгінгі конференция өз мақсатына жетті»- деген үлкен сенімдерімен тәмамдалды.