2024 жылғы 2-4 қазан аралығында Астанада «Enactus World Cup 2024» әлемдік чемпионаты өтті. Қазақстанға 33 елден үздік студенттер, жас кәсіпкерлер мен бизнес көшбасшылары келіп, Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған бұл іс-шараға қатысты. Конкурс студенттік кәсіпкерлікті дамытуға, инновациялық жобаларды таныстыруға және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталды. Enactus тек жаңа идеяларды көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі елдерден келген студенттерге тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін платформа болып табылады.
Чемпионатта 33 елдің командалары өз жобаларын қорғады. Байқау нәтижесінде 16 үздік команда таңдалып, олар төрт лигаға бөлінді. Қазақстан атынан қатысқан «Enactus Kazakhstan» командасы да үздік 16-ға еніп, өз жобаларын көрсетіп, жарқын идеяларымен таныстырды. Чемпионаттың финалында Марокко, Корея, Тунис және Германия елдерінің командалары жарысты, және бірінші орынды Тунис командасы иеленді. Олардың жобасы инновациялық шешімдерімен ерекшеленіп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Конкурста Enactus_KazNMU командасы өз жобаларын көрмеде таныстырып, тәжірибе алмасты және халықаралық байланыстарды нығайтты. Бұл чемпионат студенттерге кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, стартап-идеяларын жүзеге асыруға және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді. Enactus-қа қатысу тұлғалық және кәсіби дамуға ықпал етіп қана қоймай, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге де көмектеседі.