03.06.2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» 10-тармағын орындау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының» ұйымдастыруымен Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Марапаттау алдында «Мемлекеттік тіл: жаңа ақпарат және озық тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Бірінші болып сөз алған ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшы Алдангорова Айжан Әнуарбекқызы «Денсаулық сақтау саласындағы тіл саясаты» атты тақырыпта баяндама жасады. Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, ф.ғ.к. Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы «Латын қарпіне көшудің бүгінгі жай-күйі» деген тақырыпта баяндама жасап, латын қарпіне көшудің қазақ тілінің өзіндік ерекшелігімен дамуына тигізетін ықпалы туралы сөз етсе, ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының жетекшісі, ф.ғ.к., доцент. Құлманов Сәрсенбай Қуантайұлы «Терминологиялық сөздіктерге енгізілген терминдерді бірізділендірудің лингвистикалық мәселелері» атты баяндамасында медициналық терминдерді біріздендіруде кездесетін қиындықтарды шешудің жолдары туралы өз ойын ортаға салды. Конференцияға қатысушылар баяндамаларда айтылған ойларға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына ықпал етудің өзекті мәселелерін көтерді.
Конкурсқа қатысқан ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары, С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының төрағасы, Патологиялық анатомия кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Ахметов Жауғашты Байназарұлы мен ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссияның және университетіміздегі терминологиялық комиссия мүшесі, Қалыпты анатомия кафедрасының доцент Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы «Даналық» аталымы бойынша төсбелгінің иегерлері атанса, ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссияның және университетіміздегі терминологиялық комиссия мүшесі, Тілдік пәндер кафедрасының доценті, ф.ғ.к, Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы мен осы кафедра доценті, ф.ғ.к. Исаева Жанар Тұрсынбайқызы «Тіл ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Тілдік пәндер кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Қожахметова Фарида Бақытжанқызы «Үздік тіл маманы» төсбелгісімен және аталымының I дәрежелі дипломымен марапатталды. Ф.Б.Қожахметова конкурсқа дайындаған ЖМ мектебінің 1-курс студенті Алғыс хатқа ие болды. Тілдік пәндер кафедрасының оқытушысы Абдықадырова Айнұр Рахманәлі қызы дайындаған ЖМ мектебінің бірінші курс студенті Степанова Дарья «Талаптыға нұр жауар» аталымы бойынша III дәрежелі дипломмен марапатталды, ал Айнұр Рахманәліқызының өзі Алғыс хатқа ие болды. Сондай-ақ осы конкурсқа қатысқан Тілдік пәндер кафедрасының оқытушысы Сыдықова Қымбат Жомартқызы да Алғыс хатпен марапатталды.
Конкурстың осындай жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік жасаған Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Алау» оңалту орталығының сарапшысы, конкурстың авторы әрі үйлестірушісі, мемлекеттік тіл саясатына қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық ұланы «Отан, абырой, ерлік» төсбелгісі, І, ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгілері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің юбилейлік төсбелгісі иегері Мыржықбаева Анар Бейсенқызы мен «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының тіл маманы Шілдебаев Мақсат Сейтімбекұлының еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Осы марапаттарға бас демеуші болған қазақ тілінің нағыз жанашыры Анар Бейсенқызы – мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне зор үлес қосып жүрген тұлға. Конкурстың бүкіл құжаттарын дайындап, конференцияда модераторлық қызмет атқарып тер төккен Мақсат Сейтімбекұлына да конкурсқа қатысушылар атынан зор алғысымызды білдіреміз.
Медицина ғылымының мемлекеттік тілде дамуына зор үлес қосып жүрген тіл жанашырларына шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз. Осындай азаматтармыз тұрғанда қазақ тілінің, қазақ елінің болашағы жарқын деп нық сеніммен айта аламыз.