С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер Желтоқсан көшесі, 37А корпусының 511-бөлмесінде бас қосты. Басқосудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирде тыңдау, білім беру мен отандық ғылым саласының алдында тұрған стратегиялық басымдықтарды жан-жақты талқылау және олардың кафедраның оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, сондай-ақ тәрбие жұмыстарына тигізетін ықпалын сараптау болып табылады.
Тікелей эфир аяқталған соң кафедра ұжымы Жолдауда жүктелген міндеттерді молекулалық биология, геномика және медициналық генетика салаларының ерекшеліктерімен ұштастыра отырып, мазмұнды пікірталас өткізді. Талқылау кезінде мына басым бағыттарға баса мән берілді:
- Білім беру сапасын арттыру: Оқу мазмұнын заман талабына сай жаңартып, студенттердің теориялық білімін клиникалық ойлау, зертханалық нәтижелерді дұрыс интерпретациялау және генетикалық тәуекелдерді дәл бағалау дағдыларымен ұштастыру.
- Ғылым мен оқыту үдерісінің интеграциясы: Молекулалық биология пәніне геномика, биоинформатика және дербестендірілген медицина бағытындағы ең соны ғылыми жаңалықтар мен зерттеу нәтижелерін білім беру силлабустарына уақытылы енгізіп отыру.
- Цифрландыру және жасанды интеллект: Кафедра оқу мен ғылыми-зерттеу үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалануы тиіс, сонымен бірге генетикалық дербес деректердің құпиялылығын, академиялық адалдық ережелерін берік сақтау және алынған цифрлық нәтижелерді міндетті түрде адам сараптамасынан өткізіп отыру.
- Оқытушы жүктемесін оңтайландыру: Цифрлық платформалар қайталама бюрократия тудырмай, керісінше есептілікті азайтуға қызмет етуі тиіс, себебі бірдей ақпаратты бірнеше жүйеге енгізу оқытушының сабаққа дайындалуына және ғылыммен айналысуына бөлетін алтын уақытын азайтады.
- Қолданбалы ғылымды дамыту: Кафедрада жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау ұйымдарымен, клиникалық базалармен және диагностикалық зертханалармен тығыз байланыстыра отырып жүзеге асыру.
- Студенттер тәрбиесі мен тәртібіне назар аудару: Болашақ медицина мамандарының бойында кәсіби біліммен қатар жоғары жауапкершілік, академиялық адалдық, кәсіби әдеп пен пациент құқықтарын құрметтеу құндылықтарын жүйелі түрде қалыптастыру. Президент: Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Бұл – дұрыс емес. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет, – деді. Осыған байланысты, біздің универсиетімізде студенттердің тәртібіне жіті назар аудару керек.
Қызу пікір алмасу барысында кафедра оқытушылары Жолдауда белгіленген міндеттерді оқу процесі мен күнделікті ғылыми-педагогикалық қызметке біртіндеп енгізу жолдарын айқындап алды.
Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының ұжымы Президент Жолдауында айтылған білім мен ғылымға негізделген, инновациялық-технологиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды қалыптастыру бастамаларын толық қолдайды. Талқылау қорытындысы бойынша оқу бағдарламаларын заманауи ғылыми жетістіктермен үздіксіз жаңартып отыру, қолданбалы зерттеулердің үлесін арттыру, цифрлық технологияларды жауапкершілікпен қолдану және оқытушылардың әлеуетін сапалы білім беру мен нәтижелі ғылыми жұмыстарға бағыттау жөнінде ортақ шешім қабылданды.


