«Ұлттар достығы – ел тірегі» атты іс-шара

2026 жылдың 10 сәуір күні 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ұлттар достығы – ел тірегі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының тәлімгерлері – б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бейсенова Айжан Жумагазыевна және профессор ассистенті Мұстафаева Айгуль Жарылқасыновна, сондай-ақ Жалпы медицина мектебінің 1-курс студенттері (М24-007-008, М24-009-010 топтары) бастамасымен факультет деңгейінде кең ауқымда өткізілді. Шараға Халықаралық факультет, Стоматология факультеті және Жалпы медицина факультеттерінің 1–2 курс студенттері қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталып, молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Қуандықов Есенкелді Өсербайұлы жас ұрпаққа ақ батасын берді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынға көпұлтты еліміздің бірлігі мен ынтымақтастығының маңызын түсіндіру, олардың бойында бірлік ұғымын қалыптастыру және ел болашағының жарқын болуы татулық пен келісімге тікелей байланысты екенін насихаттау.

Бағдарлама аясында тәжік, грузин, орыс, үнді, жапон, ұйғыр, өзбек, түрік, қазақ және дүнген ұлттарының мәдениеті таныстырылып, олардың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлері көрсетілді. Сонымен қатар, Бірлік күніне арналған қабырға газеттері мен шығармашылық өнер сайыстары ұйымдастырылды. Қатысушылар «Ең үздік газет», «Ең үздік өнер», «Ең үздік тағам», «Ең үздік ұлттық киім» номинациялары бойынша өзара бақ сынасты. Байқау нәтижелерін әділ-қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтады.

Студенттер аталған сайыстарға белсенді қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді. Нәтижесінде жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан тәлімгерлер мен ерекше белсенділік танытқан қатысушылар алғыс хаттарға ие болды.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде сөз молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының меңгерушісі Молдакарызова Айжан Жанарбековнаға және қонағымыз тарих кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уалиева Сауле Қабдімүлікқызына берілді. Олар өз сөздерінде еліміздің көпұлтты халқының бірлігі мен татулығы – мемлекет дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы мен экономикалық өрлеуі үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығына ерекше тоқтала отырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан еліміздің болашағына зор сенім білдірді.