2025-2026 оқу жылы сәуір айында ҚазҰМУ Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының №12 бағыты – «Жауапты тұтыну және өндіру» аясында тәрбиелік, экологиялық және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды азайту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Аталған жұмыстарды молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының меңгерушісі Молдакарызова А.Ж., профессор ассистенттері Танеева Г.Т., Мустафаева А.Ж., Жүзжан Қ.Е. лектор Нуржанова Қ.С. және ҚазҰМУ медицина, стоматология мамандықтары 1 курс студенттері бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шара барысында студенттерге жауапты тұтынудың маңызы, ресурстарды үнемдеу жолдары, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәселелері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, пластик қалдықтарын азайту және күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрақты даму мақсаты №12 аясында кафедрада қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған арнайы жұмыстар ұйымдастырылды. Студенттер мен оқытушылар пайдаланылған қағаздарды бөлек жинап, оларды қайта өңдеуге өткізу бойынша экологиялық акцияға белсенді қатысты. Бұл шараның мақсаты – қағаз қалдықтарының көлемін азайту, ағаш ресурстарын сақтау және қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендету болды.
Қағазды қайта өңдеудің маңыздылығы туралы студенттерге арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қайта өңделген қағаз өнімдерін пайдаланудың артықшылықтары айтылды. Сонымен қатар оқу үдерісінде қағазды үнемдеу мақсатында электрондық материалдарды қолдану, құжаттарды екіжақты басып шығару және артық қағаз шығынын азайту бойынша ұсыныстар берілді.
Іс-шара аясында студенттер экологиялық тақырыпта пікір алмасып, табиғи ресурстарды сақтау мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды. Танымдық кездесулер мен түсіндіру сағаттары барысында экологиялық жауапкершілік, тұрақты даму қағидалары және қалдықтарды тиімді басқару мәселелері кеңінен талқыланды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде студенттердің экологиялық сауаттылығы артып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәдениеті қалыптаса түсті. Әсіресе қағаз қалдықтарын қайта өңдеудің маңызын түсінген студенттер күнделікті өмірде ресурстарды үнемдеп пайдалануға қызығушылық танытты.
Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасы алдағы уақытта да Тұрақты даму мақсаттары аясындағы экологиялық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, білім алушылар арасында жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.


